Ақтөбе облысы электронды әкімдігі

Депутаттар елге келді
Мерзімі: 21.07.2012
Тақырып: News


Сайлаушыларды қабылдады

Өткен аптада «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында қоғамдық қабылдау есігін айқара ашты. Бұл күні ақтөбеліктерді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшелері І.Өмірзақов, Қ.Қаракен, Г.Щегельский және ҚХА мүшелері З.Саяпова мен Н.Нестерова қабылдады.



Парламент Мәжілісінің депутаты Глеб Щегельский қабылдаған А.Қайырбаев жер дауын шешуге көмектесуді өтінді. Ал Н.Зайденов, Г.Галеев сынды интернационалист-жауынгерлер «Шектеулі соғыстардың жауынгерлік бауырластығы» қоры шығарған кітаптың қосымша 100 данасына қаржылай көмек беруді сұрады.  Ақтөбе қаласының тұрғыны М.Потапенко әкесіне Ұлы Отан соғысының ардагері мәртебесін  беру жөнінде өтініш түсірді. «Аксиком» ЖШС директоры О.Довженко «СВИМ» ЖШС арасындағы қаржылық дауды шешуді өтінді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Құралай Қаракен қабылдағандар негізінен жер қатынастары, баспана жайы, жұмыссыздық мәселесі бойынша өтініштерін жеткізді. Мәселен, Жанаргүл Қуанышбаева бірнеше жылдан бері қалалық жер қатынастары бөлімінде кезекте тұр. Бірақ көп балалы ана осы уақытқа дейін тиісті жер телімін ала алмай жүр. Қазіргі таңда ол төрт баласымен 30 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатыр. Ал тағы бір көп балалы ана Алмагүл Игілікова жеңілдікпен берілетін пәтерге қол жеткізе алмауда.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ізбақ Өмірзақовқа шағым-арыз түсіргендердің денін жер қатынастары проблемасы бойынша хабарласқандар құрады. Ал бір ақтөбелік баласын мектепке дейінгі мекемеге тұрғызуға көмектесу жөнінде өтініш жасады. Сондай-ақ қуаңшылық салдарынан зардап шегіп отырған Мұғалжар ауданындағы шаруа қожалығының иесі қаржылай көмек беруді сұрады.

Депутаттар барлық шағым-арыздарды қабылдап, келген тұрғындарды мұқият тыңдады. Арызданушылар көтеріп отырған мәселелер бақылауға алынды. Тиісті мекемелер мен ведомстволарға әр шағым бойынша сауалдар жолданды.

Дүкенде болды

Ақтөбе қаласында Парламент Мәжілісінің депутаттары — «Нұр Отан» ХДП Фракциясының мүшесі Қ.Қаракен және ҚХА мүшелері Н.Нестерова мен З.Саяпова «Энергия» дүкенінде болды. Бұл сауда нүктесі «Динар-Электромаш» ЖШС-на қарасты. Аталмыш кәсіпорын 1993 жылдан бері еліміздің батыс өңірінде жұмыс жасап келеді.  Электротехника саласындағы халықаралық және ресейлік компаниялардың ресми өкілі болып саналады.

Кездесу кезінде Елбасының Қазақстан халқына биылғы жылғы Жолдауы турасында әңгіме болды. Халық қалаулары ел экономикасын, әсіресе өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін қозғады.

Бүгінгі күні «Динар-Торгмаш» ЖШС электротехника және кабельді өнімдердің 20 мыңға жуық түрін өңірге жеткізіп тұрады. Тапсырыс берушілердің қатарында мұнай-газ және құрылыс саласының ірі кәсіпорындары бар. «Динар-Торгмаш» ЖШС құрылыс саласындағы президенттік бағдарламаларды, ел экономикасының инновациялық бөлігін дамытуға өз үлесін қосуды  жоспарлап отыр.

Серіктестік басшылығы үшін Ақтөбе облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіну және қоғамдағы процестерге белсенді араласу — басты мақсаттардың бірі.

«Динар-Торгмаш» ЖШС-да жұмысшыларға арналған бірқатар корпоративті бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде серіктестік қызметкерлері жеңілдікпен баспана, автокөлік сатып ала алады.

Компания Ақтөбе қаласында орталық мешіт және әулие Николай храмының құрылысына демеушілік көрсетті. Жасөспірімдер үйінде тәрбиеленетін жетім балаларға көмек беріп тұрады. Қазақ тілін үйренемін деуші қызметкерлеріне қосымша ақы төлейді және қасиетті жұма сайын қайырымдылық дастарқанын жайып тұрады.

Депутаттар серіктестіктегі осындай оңды істерге жоғары баға берді.

Д.НҰРОВ.


Мақала мына сайт жарияланған: http://akto.kz
Мақалаға сілтеме: http://akto.kz/index.php?name=News&op=article&sid=555