Ақтөбе облысының 2012 жылғы қаңтар-маусымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындылары
Биылғы бірінші жарты жылдық қорытындылары бойынша Ақтөбе облысының өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінде, негізгі капиталға салынған инвестицияда, құрылыс жұмыстарында, жолаушылар мен жүк тасымалдауларында, бөлшек сауда айналымында, байланыс қызметінде тұрақты өсім белгіленіп отыр. Тұтыну бағаларының өсім қарқындары азайды.
Көбейіп келеміз!
Ағымдағы жылғы 1 маусымға Ақтөбе облысы халқының саны 790,3 мың адам болды. Жыл басынан бері 3943 адамға өсіппіз. Демографиялық жағдай өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда туғандар санының 3,7%-ға өсуімен сипатталып отыр. Өлім саны 1%-ға азайды.
Жалпы облыс бойынша туу өлім деңгейінен 3 есе жоғары.
Осы кезеңде 2875 жұп ресми түрде некеге тіркелді. Бұл — 2011 жылғы қаңтар-мамырға қарағанда 6,6%-ға жоғары. Өкінішке қарай, 874 жұп аяқ-табақтарын бөлісіпті, яғни ажырасқан. Бұл былтырғыдан 9%-ға көп. Тіркелген әрбір 100 некенің 30-ы ажырасады екен…
Облыстағы демографиялық жағдайға миграциялық процестер ықпал жасады. 2012 жылғы қаңтар- мамырда облысқа келгендер саны 3540 адам, одан тыс жерлерге кеткендер саны — 4361 адам. Биылғы бес айдың ішінде Қазақстан Республикасының басқа облыстарынан келгендер саны 272 адам (2011 жылғы қаңтар-мамырда–272 адам), облыстан кеткендер саны 246 адам (2011 жылғы қаңтар-мамырда – 260 адам).
Өнеркәсіп өндірісі
Облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі биылғы қаңтар-маусымда 630 млрд. теңге құрады, өнімнің нақты көлем индексі — 105,9 пайыз. Өнеркәсіптің барлық салаларында оң серпін сақталып отыр: кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласы – 107,1 пайыз, өңдеу өнеркәсібі — 107,1 пайыз, электрмен қамтамасыз ету, газ, бу жіберу және ауаны баптау саласы — 102,3 пайыз, сумен жабдықтауда: канализациялық жүйе, қалдықтарды жинау және бөлуге бақылау — 166,1 пайыз. Облыстың нақты көлем индексі республикалық көрсеткіштерден 4,3 пайыздық пунктке жоғары.
Өнеркәсіп өнімінің маңызды түрлері ішінде мұнай- 0,8%, ілеспелі мұнай газы- 8,9%, мыс рудалары – 5%, мыс концентраттары — 22,8%, ет — 18,3% , басқа сүт өнімдері — 24,4% , ұн — 17,4%, жағатын мазут — 53,2%, хром қышқылы — 8,4%, силикат және қоқыстан жасалған кірпіш — 36,4%, бетоннан жасалған жинақтаулы құрылыс құрамалары — 37,4%, ферроқорытпалар — 2,2%, электр энергиясы 3,7% өсті.
Ауыл шаруашылығы
2012 жылғы қаңтар-маусымда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 37,6 млрд. теңге құрады, өткен жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 2,7 пайызға өсті.
2012 жылғы 1 шілдеге облыстың барлық санаттарында жедел мәліметтер бойынша 566,1 мың ірі қара, 154 мың шошқа, 1554,4 мың қой-ешкі, 92,5 мың жылқы, 1637,1 мың құс болды. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда барлық ірі қара басы 0,1% өскені белгіленді, қой-ешкі — 0,5%, шошқа — 0,3%, жылқы басы — 1,9%, құстар — 1,7% өсті.
Шаруашылықтың барлық санаттарындағы өнімнің негізгі түрлерінің өндірісін төмендегі мәліметтер сипаттап отыр:
барлық өткізілген мал басы мен құстардың тірілей салмағы 55 мың тонна немесе
өткен жылдың тиісті кезеңіне 103,5% ;
сүттің жаппай сауылымы 166,7 мың тонна құрады (102,1%);
алынған тауық жұмыртқаларының саны 93,3 млн. дана (101,3%);
Бір сиырдан сүттің орташа сауылымы 908 кг(2011 жылғы қаңтар-мамырға 100,4%), мекиен тауықтардың жұмыртқалауы — 105 дана (99,1%).
Негізгі капиталға инвестициялар
2012 жылғы қаңтар-маусымда барлық меншік түрлеріндегі кәсіпорындар және ұйымдармен негізгі капиталға 162,3 млрд.теңге игерілді, 2011 жылғы қаңтар-маусымға нақты көлем индексі 107%. Олардың ішінен 73,1% (118,7 млрд. теңге) — шаруашылық субъектілерінің жеке қаржылары есебінен, 8,8% (14,3 млрд. теңге) — республикалық бюджет қаржылары, 2,6% (4,3 млрд. теңге) — жергілікті бюджет қаржылары, 4,8% (7,8 млрд. теңге) – несие қаржылары, 10,6% (17,2 млрд. теңге) — шетел қаржысы есебінен. Негізгі капиталған инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіпте игерілді (80,3%), олардың ішінен кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлер дайындауда ( 53,9%).
Құрылыс
Құрылыс қызмет түрі бойынша орындалған жұмыс көлемі қаңтар-маусымда 51,9 млрд.теңге құрады немесе былтырғы осы деңгейге — 144 пайыз.
Алты айда іске қосылған тұрғын үйдің жалпы көлемі 166,4 мың шаршы метр, бұл 2011 жылғы қаңтар-маусым деңгейіне 110,0 пайызды құрап отыр. Халықтың жеке қаржысымен 85,6 мың шаршы метр салынды немесе жалпы пайдалануға берілген көлемнен 51,4 пайыз. Алайда, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда халықтың қаржысымен пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 24,3 пайызға төмендеді.
2012 жылғы қаңтар-маусымда 642 жаңа ғимараттардың құрылысы аяқталды, олардың ішінде 617 тұрғын үй және 25 тұрғын үй емес бағыттағылар. Алты амбулаторлы-емханалық мекемелер мен бір мектепке дейінгі мекеме салынды.
Көлік
Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда автомобиль көлігінің жұмысы жүк тасымалдау көлемінің 20,6 пайызға және жүк айналымының –33,5 пайызға өсуімен сипатталып отыр.
2012 жылғы қаңтар-маусымда облыстың жолаушылар айналымы 21,1 пайызға өсті, оның ішінде автобустармен — 19,6 пайызға, таксимен — 29,3 пайызға. 106,7 млн. адам тасымалданды немесе 2011 жылғы қаңтар- маусыммен салыстырғанда 20,9 пайызға көп.
Тұтынушылық нарық
2011 жылғы қаңтар-маусымда бөлшек сауда айналымының көлемі 19,1 пайыздан асып, 138,9 млрд.теңге құрады. Сауда жасайтын ұйымдар арқылы бөлшек сауданың жалпы айналымынан 43 пайызға тауарлар өткізілді.
Азық-түлік тауарлар үлесі бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінде 45 пайыз, азық-түлік емес тауарлар үлесінде — 55 пайыз құрады.
2012 жылғы қаңтар-маусымда көтерме сауда айналымы 166,6 млрд.теңгені құрады немесе өткен жылғы тиісті кезең деңгейіне 101,7 пайыз. Шағын кәсіпорындар көтерме сауда айналымының шамамен 80 пайызын қалыптастырды.
Есепті кезеңде тамақ және сусын өнімдерін ұсыну бойынша қызметтер көлемі 3643,3 млн.теңгені құрады және 2011 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 6,6 пайызға өсті.
Халықтың тұрмыс деңгейі және табысы
2012 жылғы мамырда халықтың атаулы қаржылай табыстары 52854 теңге құрады, бұл 2011 жылғы мамырдан 27,8 пайызға жоғары, аталмыш кезеңде нақты қаржылық табыстар 22,1 пайызға өсті.
2012 жылғы мамырда бір қызметкердің орташа атаулы жалақысы 88330 теңге құрады, ірі және орта кәсіпорындарда 92194 теңге.
2012 жылғы мамырда бір қызметкерге есептелген орташа атаулы жалақы 88330 теңгені құрады және 2011 жылғы мамырмен салыстырғанда 19,9% өсті.
Тауарлар мен қызметтерге тұтыну бағаларының индексі ескеріле отырып есептелген нақты жалақы мөлшері 114,5 пайызды құрады.
2012 жылғы мамырда облыс бойынша (әдеттегідей) орташадан жоғары белгіленген жалақы төмендегідей:
кен өндіру өнеркәсібі — 137885 теңге;
кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет — 129125 теңге;
көлік және қоймалау — 125854 теңге;
қаржы және сақтандыру қызметі — 123827 теңге;
өнеркәсіп — 109918 теңге;
мемлекеттік басқару — 100599 теңге.
Ең төменгі жалақы бұрынғысынша төмендегі қызмет түрлерінде:
ауыл шаруашылығы — 49247 теңге;
білім — 60766 теңге;
Ең жоғарғы жалақы (кен өндіру өнеркәсібінде) ең төменгі жалақыдан (ауыл шаруашылығы) 2,8 есе жоғары.
Бағалар
Облыстың тұтынушылық нарығында инфляция деңгейі 2012 жылғы маусымда төменгі деңгейде сақталып, 2011 жылғы желтоқсан деңгейіне 102,4 пайыз құрады (2011 жылғы маусымда 2010 жылғы желтоқсанға –104,5 пайыз). Құнсыздық негізінен, азық-түлік тауарларына (2,0%), азық-түлік емес тауарларға (1,4%) және халыққа ақылы қызметке баға өсуіне байланысты болып отыр (3,8%).
Азық-түлік тауарлары ішінде ең жоғары баға темекі өнімдеріне (14,3 пайыз), қантқа (6,1 пайыз), ет өнімдеріне (6,9 пайыз), алкоголь сусындарына (3,1 пайыз), балық және теңіз өнімдеріне (2,2 пайыз), сүт өнімдеріне (0,3 пайыз), жемістерге (1%) қатысты болды.
Сонымен қатар баға көкөністерге (3,7 пайызға), жұмыртқаға (22,4 пайызға), майлар мен тоңмайларға — (2,7%), нан және жарма өнімдеріне (2,1 пайызға ) төмендеді.
Азық-түлік емес тауарлардың ішінен баға киімдерге (1,1 пайыз), аяқ киімге (1,5%), маталарға (1,2%), тұрмыстық приборларға (1,3%), жуғыш және тазалағыш заттарға (1,2%), ыдыс-аяққа (1,6%), жеке гигиена тауарларына (0,9 пайыз), құрылыс материалдарына (3,1%) қымбаттады. Дәрі-дәрмектерге 0,7% баға арзандады.
Ақылы қызметтер саласында мейрамхана қызметтері — 8,2, байланыс қызметі 11,1, денсаулық сақтау қызметі 4,1, көлік қызметі — 4, білім — 2,4 пайызға елеулі түрде қымбаттады.
Халыққа көрсетілетін тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық ұйымдарының қызметтері облыс бойынша орташа есеппен — 2,5 пайызға, оның ішінде электр энергиясы – 9,8 пайызға, тұрғын үйді күтіп ұстау 4,7% қымбаттады.
Еңбек нарығы
Жалдамалы қызметкерлер саны 2012 жылғы мамырда 195,1 мың адамды құрады, бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,8 көп, олардың ішінен ірі және орта кәсіпорындарда — 169,1 мың адам және 2,8 пайызға жоғары.
ХЕҰ әдіснамасы бойынша жұмыссыздар саны биылғы бірінші тоқсанда 21,4 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз.
Жұмыспен қамту органдарында ресми тіркелгендер саны 2012 жылғы маусымда 1085 жұмыссыздарды құрады, бұл өткен жылғы маусымға қарағанда 113 адамға көп. Облыс бойынша тіркелген жұмыссыздар үлесі маусым айының аяғына экономикалық белсенді халық санынан 0,3 пайызды құрады (2011 жылғы тиісті кезең деңгейінде).
Ақтөбе облысының статистика департаменті мәліметтері бойынша даярланды.






















Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы